loading

Адамның денсаулық сақтау жүйесімен алғашқы байланысы – бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК). Дәл осы деңгейден пациенттің жолы басталады және ұлт денсаулығы мен дәрігерге деген сенім көп жағдайда осы буынның жұмысының сапасына байланысты. АМСК тиімді ұйымдастырылуы ауруларды ерте кезеңде анықтауға, асқынулардың алдын алуға және жүйеге түсетін жүктемені азайтып, мемлекеттік шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Осы деңгейдің маңыздылығы мен оның дамуына жеке сектордың қосып жатқан үлесі туралы Asmed емханалар желісінің медициналық директоры, жоғары санатты ревматолог дәрігер, денсаулық сақтау менеджері және медицина магистрі Гүлнара Серікәлиевна Есіркепова айтып берді. Оның айтуынша, АМСК-ны жеке жүйе ретінде қарастыруға болмайды — бұл бүкіл ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы, мұнда медициналық көмектің негізгі сапа стандарттары қалыптасады.

Мемлекет пен бизнес серіктестігі осы салада «Саламатты Қазақстан» (2011–2015) және «Денсаулық» (2016-2019) мемлекеттік бағдарламалары арқылы қалыптаса бастады. Бұл бағдарламалардың мақсаты — мемлекеттік тапсырысты орындауға жеке медициналық қызмет көрсетушілерді тарту, бюджеттік жүктемені азайту және мемлекеттік пен жеке ұйымдар үшін тең жағдай мен бәсекелестік орта қалыптастыру болды. Мемлекет үшін бизнестің қатысуы тиімді: жеке клиникалар ғимараттар салып немесе жалға алып, жабдық сатып алады, халықты тіркейді, қызметкерлерді оқытады және бұған өз қаражатын салады.

Бүгінде жеке сектордың рөлі айқын сезіледі. Соңғы жылдары Қазақстан бойынша АМСК ұйымдарының саны 330%, ал Алматы қаласы бойынша 550%-дан астам өсті. Бұл көрсеткіш халық санының өсуімен де байланысты: 2016 жылы 17,6 миллион адам болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20,3 миллионға жетті. Осы тұрғыда Asmed желісінің дамуы жарқын мысал бола алады. Тоғыз жыл ішінде желі Алматыдағы жеке емханалар арасында тіркелген халық саны бойынша көшбасшы орынға шықты. 2016 жылы құрылған Asmed бүгінде қалада үш филиалы бар және 2025 жылдың соңында ауысымына 750 келушіге қызмет көрсететін жаңа жеке ғимаратын ашпақ.

Asmed Алматыда алғаш болып тәулік бойы тегін қызмет көрсететін емхана форматында жұмыс істей бастады. Бүгінде желіде 50 дәрігерлік аймақ, оның ішінде 12 педиатриялық учаске бар; қаладағы екі ауданға қызмет көрсетеді; сондай-ақ мобильді дәрігерлік бригадалар мен жедел көмек көрсету базаларын құрды. Емханада жедел жәрдем кабинеті, күндізгі стационар, патронаждық қызметтің әмбебап моделі жұмыс істейді, ал клиникалық-диагностикалық қызметтердің 70%-дан астамы өз күшімен жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес Face ID, әлеуметтік әмиян, E-health арқылы дәрі-дәрмекке өтінім беру жүйесі енгізілді. Емхана үш рет бірінші санаттағы аккредитациядан сәтті өтті, ана мен бала өлімі тіркелмеген, сондай-ақ 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Маңызды бағыттардың бірі – ішкі оқыту: бизнес-процестерді сипаттау және стандарттау үшін академия құрылды, Bitrix24 және Documentolog автоматтандыру жүйелері енгізілді. 2023–2025 жылдар аралығында Asmed-тің он бір қызметкері Ұлттық медициналық қауымдастықтың «Мамандыққа адалдығы үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде ұйым елдің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының клиникалық базасы болып табылады.

Сонымен қатар, АМСК-дағы жеке сектор бірқатар күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмек жүйелеріндегі қаржыландыру нақты шығындарды толық ескермейді, қызметтер мен еңбекақы тарифтері төмен, дәрілік препараттарға лимиттер қойылған. Жалпы тәжірибе дәрігерлері мен мейірбикелер тапшылығы да сақталып отыр, оған жоғары жүктеме мен мамандықтың беделінің төмендеуі себеп. Сондай-ақ көптеген тексерістер мен қайталанатын талаптар салдарынан әкімшілік жүктеме артып келеді.

Мамандардың пікірінше, бұл мәселелерді шешу үшін медициналық ұйымдардың нақты жүктемесін ескеретін икемді қаржыландыру жүйесін енгізу, дәрігерлер мен мейірбикелерге арналған тарифтік торды қайта қарау, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бастамаларын міндетті түрде пилоттық жобалар арқылы және қаржылық қолдаумен енгізу қажет. Жеке ұйымдар, Денсаулық сақтау министрлігі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасында тең диалог орнату да маңызды – бұл ақпараттық алшақтықты жойып, әкімшілік кедергілерді азайтады.

Asmed тарихы жеке бизнестің мемлекетпен бірге жұмыс істей отырып, жүктемені бөлісіп қана қоймай, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің жаңа стандарттарын қалыптастыра алатынын айқын көрсетеді. АМСК саласындағы тұрақты мемлекеттік-жеке әріптестік – Қазақстанның заманауи және тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырудың басты кілті.

Write a Reply or Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *