12 қазан күні көптеген елдерде Артритпен күресудің дүниежүзілік күні атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – халықтың назарын буын ауруларының ерте диагностикасы, оңалту және созылмалы дертке шалдыққан науқастарды қолдау қажеттілігіне аудару.
Артрит дегеніміз не және ол неге қауіпті
Артрит – бір немесе бірнеше буынның қабынуы. Ауру жарақат, инфекция, шамадан тыс физикалық жүктеме, суық тию немесе тұқым қуалайтын бейімділіктен дамуы мүмкін.
Дер кезінде емделмеген жағдайда артрит буынның ауыруына, қозғалыстың шектелуіне және тіпті мүгедектікке алып келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректеріне сәйкес, әлем бойынша 350 миллионнан астам адам артриттің түрлі түрлерімен ауырады, ал 50 жастан асқан әрбір үшінші әйел буын ауруының белгілерін байқайды.
Негізгі түрлері мен белгілері
Ең жиі кездесетін түрлері – остеоартроз (остеоартрит) және ревматоидты артрит.
Аурудың бастапқы кезеңдері жасырын өтетіндіктен, алғашқы белгілерге назар аудару өте маңызды:
- буындардағы ауырсыну, әсіресе таңертең немесе түнде;
- таңертеңгі қаттылық, буынды «жұмсарту» қажеттілігі сезіледі;
- буынның ісінуі, жергілікті температураның көтерілуі;
- буын пішінінің немесе құрылымының өзгеруі.
Осындай белгілер байқалса, дәрігерге уақтылы қаралу қажет – ерте диагностика мен емдеу асқынудың алдын алып, белсенді өмір салтын сақтауға көмектеседі.
Артриттің алдын алу жолдары
Аурудың алдын алу – ең тиімді тәсіл. Күнделікті қарапайым әдеттер буын саулығын ұзақ жылдарға сақтауға көмектеседі:
- Теңгерімді тамақтану: көкөніс, жеміс-жидек, ақуыз және кальцийге бай тағамдарды көбірек тұтыныңыз.
- Зиянды әдеттерден бас тарту: темекі мен алкоголь қабыну процесін күшейтеді.
- Қозғалыс – өмір көзі: тұрақты дене белсенділігі бұлшықеттерді нығайтып, буындардың қан айналымын жақсартады.
- Дәрігерге жүйелі түрде қаралу: ауруды ерте анықтап, дер кезінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді.
Күніне бар болғаны 30 минуттық жаттығу буындардың саулығын сақтап, қозғалыс еркіндігін ұзақ жылдарға қамтамасыз етеді.
Қорытынды
Артрит – үкім емес. Қазіргі заманауи диагностика мен емдеу әдістері ауруды бақылауға алып, өмір сапасын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.
Ең бастысы – ағзаның алғашқы белгілерін елемей, өз денсаулығыңызға дер кезінде көңіл бөлу.
Артриті бар адамдар да белсенді әрі толыққанды өмір сүре алады. Маңыздысы – берілмеу, дәрігердің кеңесін ұстану, шамасына сай дене белсенділігін сақтау және оң көзқарасты жоғалтпау.