loading

Қазақстанда 13 кең таралған жұқпалы аурудың алдын алуға арналған вакциналарды қамтитын Ұлттық егу күнтізбесі бар. «Асмед Мынбаева» клиникасының бас дәрігері, педиатр Абзал Тұрлықожаев вакцинация кестесін сақтау не үшін маңызды екенін, егер екпе уақыты өткізіліп алынса не істеу керек екенін және жалған медициналық шектеуді (медотвод) шынайы қарсы көрсетілімнен қалай ажыратуға болатынын түсіндірді.

– Әр елдің Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі ең қауіпті әрі кең таралған инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жасалып, бекітіледі. Бұл — мемлекет бекіткен және ғылыми тұрғыдан дәлелденген вакцинация кестесі, онда егулердің мерзімі мен түрі нақты көрсетіледі.

Қазақстанда 2020 жылғы № 612 қаулыға сәйкес, профилактикалық екпелер тізіміне адам папиллома вирусына (АПВ), В және А гепатиттеріне, туберкулезге, В типті гемофильді инфекцияға, дифтерияға, көкжөтелге, сіреспеге, паротитке, қызылшаға, қызамыққа, полиомиелитке және пневмококк инфекциясына қарсы вакциналар кіреді.

Басқа елдерде бұл тізім әртүрлі болуы мүмкін. Айырмашылықтардың басты себебі — эпидемиологиялық жағдай: әр ел алдымен жиі кездесетін және қауіпті індет тудыруы мүмкін аурулардан қорғануға басымдық береді. Сондай-ақ өлімге немесе мүгедектікке әкелетін аурулар енгізіледі. Бұдан бөлек, басқа да факторлар әсер етуі мүмкін — мысалы, қаржыландыру көздерінің бар-жоғы немесе нормативтік құжаттардың жаңару жылдамдығы.

Қазір Қазақстандағы Ұлттық егу күнтізбесі Ресейдегіден кең. Бізде оған жатыр мойны обырының алдын алуға көмектесетін АПВ-ға қарсы вакцина енгізілді — ол 2024 жылы қосылды. Ресейде оны міндетті ету мәселесі әлі талқылану үстінде. Мысалы, көптеген шетелдерде балаларды АПВ-ға қарсы егу бұрыннан жүргізіліп келеді, өйткені жатыр мойны обырын емдегеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді.

Сонымен қатар бізде А гепатитіне қарсы вакцина да бар — бұл ауру Қазақстанда Ресейге қарағанда жиірек кездеседі. Ресейде бұл вакцина көбіне эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ғана салынады, яғни індет өршіген кезде немесе жұқтыру қаупі жоғары адамдарға.

Препараттар жағынан да айырмашылықтар бар. Мен жақында Ресейде оқуда болдым — ол жақта кейбір екпелер әлі күнге дейін бөлек-бөлек салынады: мысалы, АКДС (көкжөтел-дифтерия-сіреспе), полиомиелит, гемофильді инфекция — әрқайсысы жеке. Ал Қазақстанда қазіргі таңда біріктірілген вакциналар қолданылады, бұл укол санын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, 3 және 18 айда бес ауруға қарсы «Пентаксим» (АбКДС-Хиб-ИПВ) және 2 және 4 айда алты ауруға қарсы, оның ішінде В гепатитіне де қарсы «Гексаксим» (АбКДС-ВГВ-Хиб-ИПВ) вакцинасы егіледі.

Write a Reply or Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *