loading

Кейде ата-аналар түрлі себептермен баласына екпені уақытында салдырмайды — баланың ауырып қалуына, жұмыстың көптігіне немесе күмәндануына байланысты. Алайда вакцинация мерзімінің бұзылуы инфекцияларға қарсы қорғаныстың тиімділігіне әсер етуі мүмкін. «Асмед Мынбаева» клиникасының бас дәрігері, педиатр Абзал Тұрлықожаев екпелерді кестеге сай салудың маңызын және оны кешіктірген жағдайда не істеу керектігін түсіндірді.

Педиатрдың айтуынша, вакцинацияның уақытылы жүргізілуі иммунитеттің қалыптасуында шешуші рөл атқарады.

«Алғашқы екпелер — В гепатитіне және туберкулезге қарсы вакциналар — бала өмірінің алғашқы күндерінде салынады. Кейін әр вакцинаның өз енгізу аралығы бар — мысалы, В гепатитіне қарсы екінші және үшінші екпелер 2 және 4 айда салынады, яғни олардың арасы екі ай. Бұл екпе үш рет салынады — барлық елде осылай жүргізіледі», — деді дәрігер.

Ол Ұлттық егу күнтізбесінде көрсетілген барлық дозаларды алу маңызды екенін атап өтті.

«Бір ғана доза жеткілікті қорғаныс бермейді, мықты иммунитет қалыптастырмайды. Кейде ата-аналар алғашқы айларда бір екпе салып, кейінгілерінен бас тартады немесе кейінге қалдырады — бұл қажетті қорғаныс деңгейіне жетуге мүмкіндік бермейді», — деді Тұрлықожаев.

Маманның айтуынша, белгілі жас кезеңінде және нақты аралықпен жасалған вакцинация ауруларға қарсы ең тиімді қорғанысты қамтамасыз етеді.

«Көкжөтел, пневмококк және туберкулез сияқты кей инфекцияларға қарсы екпелерді арнайы ерте жаста салады, себебі бұл аурулар нәрестелер үшін өмірінің алғашқы алты айында өте қауіпті. Егер екпені кешіктірсе, бала ең осал кезеңінде қорғалмай қалады. Бұған қоса, бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы үшін де маңызды — балалар неғұрлым уақытында екпе алса, инфекцияның таралу қаупі соғұрлым төмендейді», — деп түсіндірді педиатр.

Ол сондай-ақ иммунитетті қажетті деңгейде сақтау үшін ревакцинацияның маңыздылығын еске салды.

«Мысалы, дифтерия мен сіреспеге қарсы ревакцинация 6 жаста жасалады, содан кейін екпені әр 10 жыл сайын 56 жасқа дейін қайталап отыру қажет», — деді дәрігер.

Егер ата-аналар баласына екпені кешігіп салдырса, Абзал Тұрлықожаев мұндай жағдайды да түзетуге болатынын айтты.

«Егер бала екпе салу уақыты келген кезде ауырып қалса, мысалы қатты суықтап қалса, екпені екі-төрт аптаға шегеруге болады — бұл қорқынышты емес, бастысы — тым ұзаққа созбау керек. Осы уақыт ішінде бала сауығып, екпені жоспарға сай салдыруға болады», — деді ол.

Дәрігердің айтуынша, егу кестесі едәуір бұзылған жағдайда «қалпына келтіру вакцинациясы» (догоняющая вакцинация) қағидасы қолданылады.

«Егер екпе ұзақ уақытқа кешіктіріліп жасалса, барлығын басынан бастамайды. Бұл жағдайда учаскелік педиатр немесе кейде иммунолог баланың жасын және екпелер арасындағы ең аз аралықтарды ескере отырып, жеке кесте құрастырады», — деп түсіндірді маман.

Ол кейбір вакциналарды тым кеш салып қажеті жоқ екенін де атап өтті.

«Мысалы, егер пневмококк инфекциясына қарсы екпе 1 жасқа дейін салынбаса, 3—5 жаста оны енгізудің қажеті жоқ. Ал егер бала 1 жасқа дейін алмай, дәл 1 жасында келсе — оған үш емес, екі доза салынады, олардың арасы 4 ай болады», — деді дәрігер.

Сөзінің соңында Абзал Тұрлықожаев ата-аналарға шешімді өз бетінше қабылдамауға кеңес берді.

«Мен әрқашан ата-аналарға айтамын: екпелерді өткізіп алмаңыздар, барлығын кесте бойынша жасаған дұрыс. Егер бала ауырып қалса, екпені өз бетіңізше кейінге қалдырмаңыздар, дәрігерге қаралыңыздар — ол нақты шешім қабылдайды: екпе салуға бола ма, әлде біраз күту керек пе. Егер дәрігер уақытша медотвод берсе, ол мерзім өткен соң міндетті түрде қайта қаралып, екпе жасалуы керек», — деп қорытындылады маман.

Write a Reply or Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *