loading

Жүктілік туралы қуанышты жаңалықтан кейінгі гинекологқа алғашқы бару – әр әйел үшін толқытатын сәт. Әйелді есепке қойған кезде не күтіп тұр, қандай талдаулар мен тексерулерден өту қажет және бұл процесстің маңызы неде – осының бәрі жайлы Алматы қаласындағы Asmed клиникасының әйелдер консультациясы бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Айым Бейсембекқызы айтып берді.

Есепке алу кезінде дәрігер:

  1. Қынаптық тексеру жүргізеді – жүктілікті растау үшін. Сонымен қатар микрофлора мен онкоцитологияға жағынды алады.
  2. Анамнез жинайды. Болашақ ананың дәрі-дәрмекке аллергиясы бар-жоғын, бұрын ота жасалған-жасалмағанын, қан құю болған-болмағанын, қандай жұқпалы аурулармен ауырғанын, тар бейінді мамандардың есебінде тұр-тұрмағанын анықтайды. Сондай-ақ отбасында туа біткен ақаулар, тұқым қуалайтын немесе әлеуметтік мәні бар аурулар бар-жоғын нақтылайды. Бұл әйелдің қауіп тобына жататынын және оған қосымша тексерулер мен басқа мамандардың кеңесі қажет пе екенін анықтау үшін маңызды.
  3. Антропометрия жасайды: бой мен салмақты өлшейді, тыныс алу, қанайналым, асқорыту, несеп шығару жүйелерін, сүт бездерін жалпы тексеруден өткізеді, сондай-ақ аяқты қарап, варикозды кеңею белгілерін тексереді.
  4. Талдаулар мен зерттеулерге жолдама береді:
    Клиникалық және химиялық зерттеулерге: зәр мен қанның жалпы талдауы, глюкоза, ферритин деңгейін, қан тобы мен резус-факторды анықтау, мерезге, ВИЧ-инфекцияға, В және С гепатиттерінің маркерлеріне тексеру;
    Бірінші пренаталдық скринингке: бұл – барлық жүкті әйелдерге жүргізілетін кешенді тексеру, оның мақсаты – ұрықтағы хромосомалық және туа біткен ақаулар қаупін анықтау. Оған 11–13 апта 6 күн аралығындағы ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) және генетикалық MSM талдауы кіреді;
    Функционалдық зерттеулерге: барлық жүкті әйелдерге электрокардиограмма (ЭКГ) жасалады, қажет болған жағдайда бүйрек УДЗ-сы немесе эхокардиография тағайындалады;
    Терапевт, стоматолог және психологтың алғашқы кеңестеріне.
  5. Барлық құжаттарды толтырып, жүкті әйелге қағаз түріндегі алмасу картасын береді. Оны жүктілік бойы өзімен бірге алып жүру қажет.

Жүкті әйел есепке тұрған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде акушер немесе мейірбике оның үйіне барып, босануға дейінгі патронаж жүргізуі тиіс. Бұл кезде мамандар әйелдің көрсетілген мекенжайда тұратынын, әлеуметтік жағдайын тексеріп, тұрмыстық қауіпсіздік шарттарын түсіндіреді, отбасы мүшелеріне жүкті әйелде байқалатын қауіпті белгілер туралы айтып, мұндай жағдайда дәрігерге шұғыл жүгіну қажеттігін ескертеді.
Қайта патронаж 30–32 аптада жүргізіледі.

Write a Reply or Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *