loading

Акушер-гинеколог, Алматы қаласындағы Asmed әйелдер консультациясының меңгерушісі Айым Бейсембекқызы кейбір әйелдердің неге мемлекеттік және жеке клиникаларда қатар бақылаудан өтуді таңдайтынын, бұл шешімнің қандай артықшылықтары барын және дәрігерлердің ұсыныстары сәйкес келмеген жағдайда қандай қиындықтар туындайтынын түсіндірді.

«Әйел өзі қай жерде бақылаудан өткеніне ыңғайлы екенін таңдайды. Егер қаласа және қаржылық мүмкіндігі болса, екі клиникада қатар немесе біреуінде ғана бақылаудан өте алады. Кейде кейбір әйелдердің мемлекеттік медицинаға сенімі аз, ал басқаларының жеке клиникаларға сенімі төмен.

Кейде жеке клиникалар артық диагностика жасап, жүктілікті жүргізу хаттамасында көрсетілмеген зерттеулерді тағайындайды. Біз пациентке көрсетілім болмаса, артық талдаулар тапсырудың қажеті жоқ екенін түсіндіреміз. Ал егер көрсетілім болса – қосымша зерттеулерге тегін жолдама береміз», – деді Айым Бейсембекқызы.

Оның айтуынша, кейде мамандардың жүктілікті жүргізу жоспары бойынша көзқарастары әртүрлі болады.

«Бұл жақсы емес, себебі жүкті әйел алаңдап, қай дәрігердің ұсынысына құлақ асарын білмей қалады. Мұндай жағдайда біз әріптес дәрігердің байланыс нөмірін алып, жағдайды нақтылап талқылаймыз», – деп қосты Asmed әйелдер консультациясының меңгерушісі.

Айым Бейсембекқызының айтуынша, қос бақылаудан өту жүктіліктің мінсіз өтетініне кепілдік бермейді.

«Бізде бір жағдай болды: екі клиникада қатар бақылауда болған әйелдің нәрестесінде 39 аптада алғаш рет ми кистасы анықталды. Әйел жеке клиникада босанғысы келді, бірақ асқынуға байланысты оған бас тартылды. Біз оны тұрғылықты жері бойынша перинаталдық орталыққа жібердік, сол жерде бала туғаннан кейін бірден операция жасалды», – деді акушер-гинеколог.

Write a Reply or Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *