Asmed Алматыдағы әйелдер консультациясының меңгерушісі, акушер-гинеколог Айым Бейсембекқызы жүктілікті есепке алу үшін ең оңтайлы мерзім, оның маңыздылығы және жүктілік мүлдем бақыланбаса не болатыны туралы айтып берді.
Айым Бейсембекқызының айтуынша, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 тамыздағы бұйрығына сәйкес (3-тарау, 16-тармақ), жүкті әйелдер жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұруға міндетті. Бұрын бұл мерзім 12 аптаға дейін болатын.
«Жүктілікті ерте бақылау ұрықтың даму ақауларын ерте анықтауға және әйелдің экстрагениталды ауруларының асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл — жүктілікке дейін болған, бірақ репродуктивтік жүйемен байланысты емес аурулар, мысалы: гипертония, қант диабеті, қалқанша безі аурулары. Мұндай пациенттерге басқа мамандармен үйлестірілген бақылау қажет.
Тәжірибем бойынша, әйелдердің шамамен 80–90%-ы жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрады, қалғандары сәл кешігеді. Бұл жерде дәрігерлердің де жауапкершілігі бар: кейбір жеке орталықтардағы УДЗ мамандары бұйрықтардағы өзгерістерді оқымай, әлі күнге дейін 12 аптаға дейін есепке тұру керек деп жазады», – деді акушер-гинеколог.
Айым Бейсембекқызының толық сұхбатын Kursiv Health порталынан оқи аласыз.