loading

Пренаталдық скринингтер – жүктілікті бақылаудың маңызды бөлігі. Олар ықтимал қауіптерді ерте анықтауға және сәбидің дені сау дамып келе жатқанына көз жеткізуге көмектеседі. Алматы қаласындағы Asmed әйелдер консультациясының меңгерушісі, акушер-гинеколог Айым Бейсембекқызы болашақ аналар қандай тексерулерден өтетінін және олардың әрқайсысын неге өткізіп алмау маңызды екенін айтып берді.

Скрининг – бұл ұрықтың дамуындағы аурулар мен ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға арналған профилактикалық тексеру. Біз үш маңызды ультрадыбыстық пренаталдық скрининг жүргіземіз.

Бірінші скринингті жүктіліктің 11-аптасынан 13 апта 6 күнге дейінгі аралықта өту маңызды. Бұл кезеңде ұрықтың өрескел даму аномалиялары, соның ішінде хромосомалық патологиялар анықталады. УДЗ-ден кейін 3 жұмыс күні ішінде қан тапсырып, генетикалық талдау жүргізіледі. Осылайша дәрігер нәтижелерді салыстырып, ықтимал қауіптерді есептейді.

Екінші скринингті жүктіліктің 19-аптасынан 21 апта 6 күнге дейін өту қажет. Бұл кезеңде анатомиялық кемістіктер анықталады, қағанақ суының мөлшері мен плацентаның орналасуы бағаланады. Сондай-ақ жатыр мойнының ұзындығы трансвагиналды әдіспен өлшеніп, ерте босану қаупі есептеледі.

Үшінші скрининг жүктіліктің 30-аптасынан 32 апта 6 күнге дейін жүргізіледі. Бұл кезде ұрықтың дамуы бағаланып, қан айналымының бұзылыстары бар-жоғы тексеріледі және екінші скрининг кезінде байқалмаған ауытқулар анықталуы мүмкін.

Write a Reply or Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *